Кейінгі он жылда астаналықтар саны ішкі және көші-қон есебінен 2,5 есе өсті. Сондықтан қалада емханалар мен мамандар жетіспейтіні байқалып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, жылына өзге өңірлерден Астанаға шамамен 50-70 мыңдай адам келеді. Алайда медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай тұр. Тұрғын үйлердің төменгі қабаттарынан "Үй маңындағы дәрігер" жобасымен емхана ашу қолға алынғанына 5 жыл болды. Оның бір артықшылығы тұрғындарға тез баруға қолайлы. Бірақ ең керек сала дәрігерлерінің жетіспеуі бәрібір өзге емханаларға сандалуға әкеп соғады. Бұл мәселені жақында Президент те көтерді.
"Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ, кейбір ауруханада санитария талаптары сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық ауруларды емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл - ұят нәрсе", - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қалада 600-ден аса маман жетіспейді. Ал Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 2022 жылы ведомствоға түскен жалпы өтініш саны алғыс білдіру есебінен 4 пайызға артық.
"Бүгінде Астанадағы әрбір емханада 22 мыңнан 100 мың адамға дейін тіркелген. Артық жүктемемен жұмыс істейтіні - №9 емхана. Мұнда 100 200 адам тіркеуде тұр. Қаладағы емханалар құрылысына 2020 жылы 6 миллиард теңге, 2021 жылы 149 миллион теңге бөлінді", - дейді Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, қазір Астанада 16 мемлекеттік және 30-ға жуық жекеменшік емхана бар. Кейбір емханаларға түсетін жүктеменің көптігі қызмет көрсету сапасына әсер етіп, қиындық тудырады. Қалада жаңа емхана 2015 жылы салынып, пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір жаңа емхана салынбапты.
"Бірінші кезекте №9 емхана аумағына жақын маңға жаңа емхана салу керек. Сол мәселе пысықталып жатыр. Одан кейін "Жағалау" шағынауданында амбулаториялар мен бір ғана типтік жекеменшік емхана болғандықтан, осы ауданнан бір емхана салу көзделіп отыр. Тағы бір шешімін тапқалы отырған мәселе "Нұрлы жол" вокзалы аумағына да емхана салуға жер телімі қарастырылып отыр. Бұл емханаларды мемлекет есебінен де, жекеменшік инвесторлар есебінен де салу көзделеді", - деді Тимур Мұратов.
Бас дәрігер қаланың денсаулық саласында кадр тапшылығы былтырмен салыстырғанда 48 пайызға төмендеп, 131 адам болғанын мәлімдеді. Бүгінде елордада 12 мыңға жуық медицина қызметкері бар, оның ішінде 3 мыңнан аса дәрігер, 6 мыңға жуық орта медицина қызметкері және 2 мыңнан аса кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.
"Кадрмен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2023 оқу жылында 19 мамандық бойынша 128 орынға грант бөлінді. 800-ден аса медицина қызметкері біліктілігін арттырды. 2020 жылы жергілікті бюджеттен 243 орынға грант бөлінді, оның ішінде 2022 жылы 151 жас маман бітіріп, жұмысқа орналастырылды. 2023 жылы тағы да 92 жас маман келеді. Кадр жетіспеушілігі елорда тұрғындары саны жыл сайын артып келе жатқанына байланысты", - дейді Тимур Мұратов.
Асхат Райқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!