Астанада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары жиналды: министрлік не дейді?

Астанада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары жиналды: министрлік не дейді?
Фото: Видео кадры

10 қарашада Астанада Министрліктер үйі маңында Қорғаныс министрлігі өкілдеріне үндеу жасау мақсатында бір топ әйел жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олар - әскери қызмет кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары. Министрліктер үйі маңында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Ашынған аналар ұлдарының өлімін әділ тергеуді және әскерді реформалауды талап етті.

Министрлік мәліметінше, 10 қарашада Азаматтарды қабылдау орталығында Қарулы күштерде, басқа әскер мен әскери құралымдарда әскери қызметін өткеру барысында зардап шеккен немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарымен кездесу өткізілген.

Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов және басқа да лауазымды тұлғалар азаматтарды қабылдағаны айтылды.

"Әрбір өтініш жеке тәртіппен тіркеліп, қаралды. Қорғаныс министрлігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті сақтауға, әскери қызметшілердің құқығын қорғауға үнемі басымдық береді. Құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында бірқатар кешенді шара жүзеге асырылып жатыр: әскери ұжымдарда моральдық-психологиялық ахуалға бақылау күшейтілді, алдын алудың заманауи әдістері енгізілді, әскери психологтар мен тәрбие құрылымдарының офицерлері арқылы жеке құраммен мақсатты жұмыс жүргізіліп жатыр. Барлық командирдің жауапкершілігі күшейтілді", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, күнделікті жеке құрамның дене бітімі тексеріледі, казармалар мен қызметтік үй-жайларда бейнекамералар орнатылған.

"Суицидтің алдын алу және қаруды бақылау мақсатында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Психологиялық қолдау күшейтілді, оның ішінде қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде Сарбаз аналары комитетімен ынтымақтастық жүйелі жолға қойылған. Тәртіпбұзушылық анықталған жағдайда қатаң тәртіптік шаралар қолданылады. Қорғаныс министрлігі ата-аналармен ашық әрі конструктивті диалог жүргізуге дайын екенін растайды", - деп жазылған хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget