Астанада притон әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала прокуратурасы мәліметінше, бұл іске кәмелетке толмағандар да тартылған. Қылмыстық топтың 15 мүшесіне қатысты тергеп-тексеру аяқталған.
Тергеу барысында 2023 жылдан 2025 жылға дейін апалы-сіңлілі жұбайларымен бірге тұрғын үй кешендерінде жыныстық қызмет көрсету үшін притон ұйымдастырғаны анықталған.
Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына күзетшілер, әкімшілер, сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы осы қызметті жарнамалаумен айналысқан адамдар кірген.
Ұйымдастырушылар қаладағы түнгі клубтардан қыздарды іздеп, оларға жоғары табыс, тұрғылықты үй, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге уәде берген. Бұдан бөлек, күдіктілер клиенттердің масаң күйін пайдаланып, оларға күш қолданып, қаражатын бопсалаған, сондай-ақ, оларды жалға алынған пәтерлерде заңсыз ұстаған.
15 қатысушы ұсталып, оларға күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.
"Қылмыстық іс сотқа жолданды. Айыпталушылардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға сот отырысында беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!