Орталық коммуникациялар қызметінде «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Алматының Астанадағы күндеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Өзінің ғылым, білім және мәдени әлеуетін сақтай отырып, оңтүстік астана еліміздің қаржы және туристік орталығына айналды. Қазақстан экономикасының 16 есе өскенін ескерсек, осынау жылдар ішінде Алматының да ерекше қарқынмен дамығанын көреміз. Алматы өзінің даму барысында орасан табыстарға жетті. Егер сонау 90 жылдардың басында Алматы ІЖӨ-нің тек он бөлігін қамтамасыз етсе, бүгінгі күні мегаполис ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды», - деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Ол өзінің сөзінде егер 90- шы жылдардың ортасында Алматыда 1415 кооперативтер болса, қазіргі кезде мегаполисте 180 мыңнан астам кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмыс істейтіндігін, кәсіпкерліктің 130 есе өскенін айтты.
Бүкіләлемдік «Doing Business» банкінің таяуда жарияланған, негізінен Алматының көрсеткіші бойынша есептелетін рейтингінде Қазақстан 16 позицияға жоғары көтеріліп, 35-ші орынды иеленді.
Баспасөз мәслихаты барысында А.Қырықбаев оңтүстік астана экономикасының қарқынды дамуы арқасында Алматы бюджетінің тең жартысы жұмсалатын әлеуметтік салада пәрменді әрі жүйелі шаралардың жүзеге асқанын айтты. Мысалы, жыл басынан бері қарай оңтүстік астанада 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін 1,8 млрд. теңге жұмсалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп.
Қала әкімінің орынбасары өзінің сөзінде, басты тұжырымы қаланы одан әрі дамыту, қалалықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, әр адамға қамқорлық көрсету болып табылатын Алматының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасында нақтылы көрініс тапқан. Бұл Бағдарлама Бес институционалды реформалардың, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуеттерін айқындай түседі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мегаполисте соңғы 9 айдың ішінде 4500 орынды қамтитын 5 мемлекеттік және 119 жеке бала бақшалардың ашылғандығын, 1800 оқушыға арналған жалпы білім беретін нысандардың іске қосылғандығын, мектептер мен 2400 орынға арналған қосалқы нысандар құрылыстарының жүріп жатқандығын атап өтті.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды - инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде «Бизнестің Жол картасы-2020» Бағдарламасы бойынша оңтүстік астанада 239 жобаның қолдау тапқанын, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 көп екенін айтты.
ОКҚ-де өткен брифинг барысында Алматы қаласы Даму орталығының басшысы Жанна Төлегенова концепциясы қала тұрғындарының қалауына негізделген «Smart City» жобасын енгізудегі алматылық биліктің жоспарлары туралы айтты. Бүгінгі күні КБТУ мен IDC Central Europe сынды серіктестермен бірге Smart Almaty жобасының концепциясы мен шеберлік- жсопарының жасалып жатқандығын хабардар етті.
Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев баспасөз мәслихатын қорытындылай келіп, оңтүстік астана билігінің Алматыны тек жоғары технологиялы мегаполис қана емес, дәстүр мен тарих берік сақталған әрі өзіндік ерекшелігі бар қалаға айналдыруды жоспарлап отырғандығын айтты. Бүгінгі заманауи әлемде тарихи- мәдени мұра креативтілік пен инновацияның, жаңарған қаланың киелі көзіне айналған. Осыған орай, биыл Алматыда еліміздегі алғашқы «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың Мультимедиялық орталығы ашылды. Жыл аяғына дейін Алматы қаласының тарихы туралы жаңа мұражай есігін айқара ашатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы Алматы күндері аясында 5-6 қарашада бірқатар мәдени- бұқаралық шаралар өтеді. Мысалы, 5 қараша күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Алматы- Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты мультимедиялық көрме, Алматы туралы фотокөрме ашылады, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында жастар белгілі ақындармен кездеседі, ал сағат 18.00-де Алматының эстрада-симфониялық оркестрі және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала- концерт өтеді.
6 қараша күні сағат 15.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында «Сазген сазы» фольклорлық - этнографиялық оркестрі мен танымал дәстүрлі әншілердің қатысуымен «Мәңгілік мұрат» атты дәстүрлі музыкалық концерт өтеді.
Бұлардан өзге, 5 және 6 қараша күндері Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақтар театры Астана қаласының Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклінің қойылымын, сондай-ақ балалар үшін «Куклы шоу» мерекелік спектаклін ұйымдастырады. Мәдени шаралардың барлығына кіру тегін.