Қалалық билік елорданың дамуына бағытталған инновациялық жобаларды қолға алған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсететін болады. Бұл туралы бүгін азаматтарды қабылдау барысында Астана әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев мәлімдеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Көмек сұрағандардың бірі тоқылған бұйымдар жасау шеберханасының жетекшісі Эмин Аскеров. Оның айтуынша, жоба халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін оқытып, жұмыспен қамтуға бағытталған. Соның ішінде мүгедектерді, балалар үйлерінің түлектерін, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды. Қазіргі кезде 30 астам адам тал сабағынан түрлі заттар тоқуды үйренді, 12 мүмкіндігі шектеулі жан кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды.
«Тоқылған заттарға сұраныс жоғары емес. Біз енді жиһаз бен ағаштан кәдесыйлар жасайтын болдық. Жобаның мақсаты – ақша табу емес, адамдарды жұмыспен қамту. Біздің орын жалдайтын ақшамыз жоқ. Сондықтан партиядан өнімді сатуға көмек көрсетуді сұраймыз»,- деді Э. Аскеров.
Сонымен қатар, «Green Hope – Зеленая надежда» жобасы бойынша үйде көк өсіріледі. Қажетті жабдықтар мен тұқым жеткізіліп, өнім сатуға көмек көрсетіледі. Әсет Исекешев жобаларға қолдау көрсетіп, оларды дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Мен тиісті басқармаларға жобаларды сәтті іске асыруға көмек көрсетуді тапсырамын. Адамдарды көбірек қамтысаңыз жақсы болады. Бүгінде «Ақылды қала» жобасын іске асырып жатырмыз, әлеуметтік басқармалар IT-негізге ауысып жатыр. Бұл отырып істейтін жұмыс болғандықтан мүмкіндігі шектеулі жандар компьютермен жұмыс істейтін болады. Жұмыс ауқымы кең емханалар, мектептер және көптеген әлеуметтік мекемелер қамтылады. Жұмысқа орналастыру мәселесінде көмектесеміз», - деді Әсет Исекешев.
Сонымен қатар, әкімге елорданың қазіргі заманға сай инновациялық дамуы үшін «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы жанынан Инновациялар жөніндегі кеңес құру ұсынылды. Жобаға бастамашы болған Арман Нұрғазиннің айтуынша, құрылым жобаларды іріктеумен және сараптаумен, елордада инновациялық қызметті дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеумен, сондай-ақ, кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін ынталандыру бойынша тетіктер дайындаумен айналысады.
«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының елордалық мәслихаттағы қызметі, 2015-2019 жж. арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған бюджеттік қаржы мен Ұлттық қордан бөлінетін қаржыны мақсатты және тиімді пайдалану жөніндегі комиссиялар мәселелері Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Саяси кеңес бюросының отырысында қаралды.
Отырыс барысында партияның қалалық филиалының төрағасы құрылымдық бөлімшелердің басшыларына азаматтардың өтініштері мен мәселелерін жан-жақты және объективті қарауды тапсырды.
Еске салайық, мәслихат депутаттары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары азаматтарды БАҚ-та интернет алаңдарда тұрақты түрде жарияланып тұратын бекітілген кесте бойынша қабылдайды.