Астана полицейлері жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқтарды ұстады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы ауданының жедел қызметкерлері тұрғын үй нарығында жалған жарнама берген алаяқтарды ұстады.
Алаяқтықтың "танымал" түрінің бірі – жалған пәтерлерді жалға беруді Талдықорғанның 20 жастағы тұрғыны пайдаланды. Жігіт "Крыша KZ" сайтында жылжымайтын мүлікті жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырған. Төмен баға мен әдемі фотосуреттер әлеуетті жалға алушыларды қызықтырды. Мәселен, полицияға жүгінген жәбірленуші пәтерді жалға алу үшін 70 мың теңге аударған. Қазіргі уақытта полицияда 14 эпизод тіркелген.
Алаяқтықтың тағы бір түрі – тұрғын үй алуға, оның ішінде "мемлекеттік бағдарлама" бойынша көмек көрсету. Алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде көрсетіп немесе таныстары арқылы тұрғын үйді жедел алуға жәрдемдесуге уәде береді.
Мысалы, полицейлер мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесу сылтауымен 10 адамды алдаған алаяқты ұстады. Бұл ретте ол тұрғын үй қорының қызметкері болып өзін таныстырған. Тағы бір жағдайда, 42 жастағы әйел "Наурыз" жаңа ипотекалық бағдарламасы бойынша пәтер сатып алуды ұсынып, адамдарды алдаған. Қаскүнем мемлекеттік органдарда таныс байланыстарым бар деп, достары мен таныстарын алдаған. Алданған 24 азамат полицияға арызбен жүгінді.
Алаяқтықтың барлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, осыған ұқсас деректерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция азаматтарға қырағы болуды және алаяқтардың қулығына алданбауды ескертті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!