Астанада қоқыс үйінділеріне қарсы күрес жалғасып жатыр. Жыл басынан бері қаланың бес ауданында 188 қоқыс шығару орны анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорда әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Қоқыс орындарының көпшілігі жойылған, қалған үйінділерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Есіл ауданында мониторинг нәтижесі бойынша 2023 жылы қоқыс тастайтын 72 орын табылған. Бүгінде олардың 20-сында жұмыстар жүргізіліп, 6 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған. Қалған қоқыс орындарын тазалау жұмысы аяқталуға жақын.
Рұқсат етілмеген полигондарды тазалауға 4 құрылыс компания жұмылдырылған. Биыл экологиялық айлық пен коммуналдық сенбіліктерді қоса алғанда, барлығы 24 500 тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Нұра ауданы бойынша көлемі 30 мың тоннадан асатын рұқсат етілмеген полигондардың 45 орны анықталып, оның 13-ін жою кезінде 10 мың тоннаға жуық қалдық шығарылған.
Ал, Алматы ауданынан жыл басынан бері 9 350 тоннадан аса (1226 рейс) қоқыс тазалаған.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұсынған суреттер бойынша рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 39 орын анықталып, оның 38-і бойынша жұмыстар жүргізілген.
Сарыарқа ауданында табылған 24 нүктенің 20 заңсыз қоқыс орны жойылып, 15 мың тонна қоқыс шығарылған. Құрылыс қоқыстарын заңсыз шығарудың алдын алу үшін экологиялық полиция тартылады. Жыл басынан бастап абаттандыру және санитария нормаларын бұзу туралы 605 хаттама жасау арқылы 5,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" ғарыштан түсірілген суреттерден көрінгендей Байқоңыр ауданының аумағында 22 нүкте анықталып, оның сегізі расталды. Барлық анықталған қоқыс орыны жойылды.
Заңсыз полигондарды жою жұмыстары жалғасып, жаңа қоқыс ошақтардың пайда болуына жол бермеу шаралары қабылданып жатқаны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!