- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада адамдардың кепілге...
Астанада адамдардың кепілге алынуы: Мурадов қандай жазаға тартылуы мүмкін?
Астанадағы банктердің бірінде жеті адамды кепілге алған Мурадов қандай жазаға тартылуы мүмкін екені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу мүддесі үшін соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Алайда қылмыс жасаған күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені белгілі.
"Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 261-бабының 2-бөлігі (кепілге алу) бойынша сот алды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді", - деп хабарлады ІІМ өкілдері.
Еске салайық, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында келушілер жоқ.
"Қазір филиалда тек банк қызметкерлері ғана, филиалда келушілер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталды. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауыңызды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз. Кез келген жалған ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Kaspi Bank-те кәсіпқой келіссөзшілер кепілгермен сөйлесіп жатыр. Ер адам 7 адамды кепілге алғаны мәлім болды.
"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері.
Kaspi.kz қызметкерлерінің кепілге алынуы: куәгер оқиға қалай болғанын айтты
Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. Ішкі істер министрі басқыншының ұсталғанын растады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек