Астанада LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны 180 мыңға жеткен. Бұл туралы CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, кеше 100 мың жолаушы болған.
"Бұл жобалық өткізу мүмкіндігінен жоғары. Қазір жолаушылар саны екі есе азайды. Өздеріңіз білетіндей, LRT жүйесі толық автоматтандырылған және жүргізушісіз жүреді. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз. Өйткені кейбір әрекеттер пойыздар тоқтауына әкеп соғуы мүмкін. Бүгін ешқандай ереже бұзу әрекеті байқалған жоқ, қозғалыс қалыпты", - деді Асылбек Дүйсебаев.
Айта кетейік, LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылы 29 қыркүйекте басталған еді және ол кемінде 6 айға созылуға тиіс болатын. Бұған дейін CTS пойыздар сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минут уақытты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5 минуттан 10 минутқа дейін болатынын мәлімдеген еді.
LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін 18 бекет бар.
"Астана LRT" бекеттері: 101 - "Әуежай"; 102 - "Атамекен"; 103 - "Есіл"; 104 - "Мәңгілік ел"; 105 - "Астана жұлдызы"; 106 - "Нұра"; 107 - "Университет"; 108 - "Ұлы дала"; 109 - "Астана Арена"; 110 - "Жекпе-жек сарайы"; 111 - "Сығанақ"; 112 - "Бәйтерек"; 113 - "Министрліктер үйі"; 114 - "Ұлттық музей"; 115 - "Театр"; 116 - "Мыңжылдық аллеясы"; 117 - "Жібек жолы"; 118 - "Нұрлы жол".
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!