Астанада LRT іске қосылды: тұрғындар желіде жариялаған фото-видеолар

Astana LRT іске қосылғалы жаңа көлік түріне қызығушылық танытқан алғашқы жолаушылар мініп көріп жатыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары әлеуметтік желіде алған әсерін бөлісіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенбідегі жайма-шуақ күн Astana LRT-ның іске қосылуын естеқаларлық оқиғаға айналдырды. Жаңа көлікпен жүріп көргісі келгендер көп болғаны сонша, кейбір бекеттердің кіреберісінде және ішінде ұзын-сонар кезек пайда болды.

Кей тұрғындар станцияларға ұлттық киіммен келіп, ерекше көңіл күй сыйлады. Вагондарда жолаушылар әнұран айтып, шашу шашып, қуаныштарын бөлісті.

Әрине, оқиға орнынан селфи, фото мен видео түсіргендер де көп болды.

Осылайша, LRT астаналықтар үшін тек заманауи әрі ыңғайлы жаңа көлік түрі емес, ерекше кадр түсіретін жаңа орынға да айналды.

Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жұмысын ресми түрде іске қосты. Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде әуежайдағы "Әуежай" бекетінен "Ұлттық музей" бекетіне дейін барды. Толығырақ материалдан оқи аласыздар.

Астана LRT-ның іске қосылуы

CTS компаниясы бұған дейін журналистерге жеңіл рельсті көлік жүйесінің алғашқы жолаушылары осы аптада, яғни 16–17 мамырда пайдалана алатынын хабарлаған.

Жалпы Astana LRT желісінде 18 станция болады. Бағыттар қаланың негізгі орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтеді. Кейбір станциялардың атауы пайда болған. Сондай-ақ, пойыздардың қозғалыс сызбасы да жарияланды.

Астана LRT қозғалыс схемасы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!