Астанада I пікірсайыс құрылтайы өтті

2024 жылғы 12 желтоқсанда Астанада қазақ пікірсайыс қозғалысының тарихындағы тұңғыш рет мектеп пікірсайыс клубтарының құрылтайы өтті. 

Құрылтайды пікірсайыс қозғалысына жүйелі түрде қолдау көрсететін Ozgerteam қоғамдық қоры ұйымдастырды. Ал делегат ретінде Ozgerteam қоры жариялаған Sanaly Orta республикалық байқауының іріктеу кезеңдерінің нәтижесіне өз аймағының ең үздік пікірсайыс клубы атағына ие болған пікірсайысшылар мен жетекшілер қатысты.

Пікірсайыс технологиялары Қазақстанға 1996 жылы келіп, аз уақыттың ішінде кең тарады. Қазіргі күні дебат білім беру үрдісінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл технологиялар логикалық және сыни ойлау, дәлелді сөйлеуге үйретеді, оқушыларда жұртшылық алдында сөйлеу мәдениеті мен пікір таластыру әдебін қалыптастырады.

Ozgerteam қорының құрылтайшысы Мұрат Жұманбай атап өткендей:

"Қазір елімізде көптеген дебат турнирлері өткізіледі. Бірақ олар мықты командалар мен үздік спикерлерді анықтап берумен шектеледі. Ал пікірсайыс технологиясы арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жүрген пікірсайыс клубтарының арасында жарыс мүлде болмаған. Ішкі құрылымы және ережелері қалыптасқан, ортақ құндылықтары мен қағидалары, ұрпақтар сабақтастығы бар жүйелі жұмыс істейтін пікірсайыс клубтары ғана қоғамның белсенді мүшелері мен жауапкершілік ала алатын азаматтарын қалыптастыруда жүйелі жұмыс істей алады. Яғни пікірсайыс тек білім берумен шектелмей, тәрбие беретін орта болуы тиіс. Сондықтан біздің командамыз пікірсайыстағы клубтық қозғалыстың дамуына қолдау жасайды".

Құрылтайдың қонағы болып келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Құрылтай делегаттарын арнайы құттықтап, пікірсайыс жастардың бойында сыни ойлау, жан-жақтылық және жеңіске емес, ақиқатқа ұмтылуды үйрететін заманауи білім беру технологиясы екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі пікірсайыстың әрі қарай дамуында, бірыңғай әдістемелік құрал мен жаттықтырушыларды дайындаудың маңыздылығына тоқталып, алдағы тұста пікірсайыс технологиясын оқу орындарында кеңінен насихаттаудың тетіктеріне тоқталды.

Құрылтай бірінші рет өткізіліп тұрғанымен, өзіндік дәстүрлері де қалыптасып үлгерді.

Ұйымдастырушылардың шешімімен және пікірсайыс қауымдастығының қолдауымын құрылтайда Асхат Аймағамбетовке "Пікірсайыс жанашыры" деген қоғамдық награда берілді. Себебі ол пікірсайыс бағдарламасының түлегі болып табылады және 2019 жылы Аймағамбетовтың бастамашылығымен және тапсырмасымен "Оқушылар мен студент жастардың дебаттық қозғалысы" жалпыұлттық мәдени-білім беру тұжырымдамасын бекіттіріп, пікірсайыс қозғалысының дамуына қолдау көрсеткен.

Сондай-ақ құрылтайда пікірсайысшылар Қазақстандағы дебаттың дамуындағы өзекті мәселелерді талқылап, жылдың қорытындысын шығарды. Сондай-ақ жиында Sanaly Orta байқауы ақтық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Бірінші орын және бас жүлде - 1 миллион теңге Абай облысы, "Кел, балалар, оқылық" пікірсайыс клубы, екінші орынды Қарағанды облысы Nurmakov және Ұлытау облысының "Көзқарас" пікірсайыс клубтары бөлісіп, 500 мың теңгеден ұтып алды. Ал үшінші орын алған Жамбыл облысы "Талап", Ақтөбе облысы "Әйтеке" және Алматы облысы "Шоқан" пікірсайыс клубтарына 300 мың теңгеден берілді.

Одан бөлек, Қазақстандағы пікірсайыстың таралуына үлес қосқан жеке тұлғалар да атаулы номинациялармен марапатталады.

Сонымен бірге "Пікірсайыс көшбасшысы" номинациясында аймақтарында пікірсайыстың таралуына мол үлес қосып отырған бір топ азамат марапатталды.

Шара соңында пікірсайысшылар атаулы күннің әрі қарай дәстүрлі түрде жалғассын деген мақсатта 12 желтоқсанды бейресми түрде пікірсайысшылар күні етіп бекітуді ұсынып, делегаттар тарапынан ұсыныс бірауыздан қолданды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!