Астанада 8-сынып оқушысын бірнеше жасөспірім зорлаған: күдіктілер қамауға алынды

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Астанадағы мектептердің бірінші 8-сынып оқушысын 11-сыныптың бірнеше оқушысы зорлағанына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Динара Зәкиеваның айтуынша, бұл дерек 2024 жылғы 17 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелген.

"Күдіктілер ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қыздың анасымен байланыстамын. Қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр", - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Астанадағы мектептердің бірінде сегізінші сынып оқушысын бірнеше жасөспірімнің зорлағаны ақпарат жарияланғанын жазған едік. Мұны NewTimes.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына зорлық көрген оқушымен бір мектепте оқитын қыздың ата-анасы хабарлаған.

Оның айтуынша, оқушы қызды 11-сыныптың бірнеше оқушысы зорлаған. Оқиғаның мән-жайы әзірше белгісіз.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") бойынша тергеуді бастағанын хабарлады.

"Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", - деп хабарлады департамент.

Ал білім басқармасының баспасөз қызметі бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқандықтан, ешқандай ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!