- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада 500-ден аса...
Астанада 500-ден аса адам көктайғақта құлап, ауруханаға жүгінген
Кейінгі күндері елорда көшелерін мұз басып, тұрғындарға жүріс-тұрыс қиындай түсті, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Көктайғақта тайып жығылып, жарақат алған 500-ден аса адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұндай оқыс оқиғаға ұрынбас үшін жұрт көктайғақ кезінде діттеген жерге қалай аман-есен жету керегін бөлісіп те жатыр. Олар әлеуметтік желілерге лайфхактарын салып жатыр. Ал бұндай әдістер шын мәнісінде жұмыс істей ме, жоқ па?
Бұл - қақаған қыста, көктайғақта тайып жығылмай жүрудің халық арасында кең тараған әдістері. Бірі аяқкиіміне қарапайым лейкопластырь жабыстырса, енді бірі скотчтың көмегіне жүгінген.
Ал Семей тұрғыны Алмагүл Мұқатаева әр үйдің ас бөлмесінде бар ыдыс қырғышты пайдалануға кеңес береді. Оның айтуынша, жалтырап тұрған мұз үстінде діттеген жеріңе қорықпай жетесің.
"Аяғымызға тәжірибе жасап кидік, адамдар құлай ма, құламай ма деп. Өзіміз кеше жұмысқа әрең келдік. Содан кейін осыны таймасын деп салып едік. Жалғыз өзім жақсылықты көрмей, халық та көрсін деген ой болды", - дейді қала тұрғыны Алмагүл Мұқатаева.
Ал қала тұрғыны Оксана Попкова қалада көктайғаққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс дұрыс орындалмай жатыр дейді.
"Мына ыдыс қырғыш құрал жақсы болды. Мұз үстінде былқ етпей жүресің. Кеше күні бойы осыны аяғыма тағып алдым. Басқа амалымыз жоқ. Қалада құм себу жұмысы дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Көшеде жүру мүмкін емес", - дейді ол.
Ал етікші-маман Рашид Мирзафаизовтың айтуынша, жұрттың ойлап тауып жатқан бұндай лайфхактары - уақытша шешім. Қыста аяқты нық басып жүру үшін дұрыс етік таңдау керек немесе мұзда тайғанамайтын резеңке жабыстырып алу қажет.
"Астына резеңке жабыстырамыз. Қысқы материал тайғанамайды. Суықта қатпайды. Жұмсақ болып келеді. Қысқы аяқкиімдерді де дұрыс таңдау маңызды. Әсіресе арқаның сарышұнақ аязына шыдас беріп, суықтан жарылып кетпейтін, көктайғақта құлатпайтын аяқкиім алу қажет. Клиенттеріміз италиялық аяқкиім киеді. Қымбат. Бірақ асты жағы біздің қысқа сәйкес келмейді. Қорғанатынымен болғаны дұрыс. Қалың болса, тайғанамайды", - дейді етікші Рашид Мирзафаизов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек