- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада 3,9 миллиард...
Астанада 3,9 миллиард теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған
Астанада мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзу деректері анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорда прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, елордалық мемлекеттік мекемелер тендер өткізбестен таңдалған өнім берушілермен тікелей мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды заңсыз жасасқан. Осындай 23 дерек анықталғаны белгілі болды.
"Басқа жағдайда, мемлекеттік мекемелер әлеуетті қатысушылардың санын шектеп, жұмыстарды лоттарға бөлмей, олардың біртекті түрлері бойынша конкурстық құжаттаманың талаптарын заңсыз түрде күрделендіріп, нәтижесінде конкурсқа көрсетілетін қызметтердің нақты көлемін көрсетпей, сондай-ақ қаржы жылынан асатын мерзімге шарт жасасуға тырысты", - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, прокуратура органдары тарапынан қадағалау актілерінің арқасында мемлекет кірісіне 26 миллион теңге өндіріліп, жосықсыз мердігерлерден айыппұл санкцияларын өндіріп алу бойынша әрекетсіздік деректері анықталғаны айтылды.
"Енгізілген қадағалау актілерінің нәтижелері бойынша 3,9 миллиард теңгеден аса сомаға заңсыз мемлекеттік сатып алу қорытындылары жойылды.
Кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, барлық мемлекеттік ұйымдарға мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ұсынымдар берілді", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан