Астанада 33 жастағы ер адам 8-қабаттан секірмек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
102 нөміріне қала тұрғыны жүгініп, ұлы пәтерде жанжал шығарғанын, 8-қабаттың балконынан секіремін деп қорқытып жатқанын айтқан. Сарыарқа ауданы полиция басқармасының жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиға орнына келгенде ер адамның іштен кілттеніп алғанын анықтады.
Анасы оны көндіруге тырысып, ұлымен келіссөздерге бірінші болып барған, алайда ұлы өзін агрессив ұстап, тыңдағысы келмеген. Кейін әйел пәтерге кірген, алайда ер адам айқайлап, терезеге қарай жүгірген.
Криминалист полиция капитаны Сугур Макаров бөлмеде жарықтың жоғын пайдаланып, әйелдің артынан бөлмеге кірген. Капитан Макаров саспай, ер адам секіріп жатқан сәтте оны белбеуінен ұстап алған. Тәртіп сақшысы оны қайтадан балконға тартып кіргізуге тырысқан, бірақ ер адам жұлқынып, полиция қызметкерінің көйлегінен ұстап, оны төмен қарай тартқан. Полицейдің әріптестері көмекке жүгіріп келіп, ер адамды пәтерге тартып кіргізген.
Оған психологиялық көмек көрсетілді. Полиция қызметкерлері елорданың 33 жастағы тұрғынын мұндай әрекетке не итермелегенін анықтап жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!