Астанада 143 млн теңге жымқырғандардың ісі қаралып жатыр

Астанада тиісті лицензиясыз цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астана қаласының аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажеттілігімен пара-пар болатын, қозғалтқыштарды өңдеу орталығының түрінде жасырылған майнингтік ферманың қызметін ұйымдастырған.

Аталған кезеңде өндірілген заңсыз цифрлық активтердің құны 143 млн теңгеден асқан.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1 300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станция тәркіленді.

Бұдан басқа олардың электр энергиясы үшін 25,3 млн теңге сомасына төлем жасамағаны анықталды.

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз