Астанада 14 жастағы қыздың өлімі - Полиция қылмыстық істі тоқтатты

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанада 14 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу амалдарының мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс кулуарында Әділов істің қылмыс құрамы болмауына байланысты жабылғанын мәлімдеді.

"Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша ("Өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу") іс қозғалғаны рас. Барлық тергеу амалдары жүргізілді. Қыздың өлімінен зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ. Қазіргі уақытта прокурормен келісілген процессуалдық шешім бойынша сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды", - деді Санжар Әділов.

Еске салайық, 11 қыркүйекте Астанада №5 мектеп-гимназиясына жақын орналасқан бұрынғы балабақша ғимаратынан 14 жастағы қыздың денесі табылған болатын. Аталған мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісі шағын зерттеу жүргізіп, оқиға орнына барған еді. Қыздың сыныптастары оны газдан уланған деген болжамдарын айтқан. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!