- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада 11 жылға...
Астанада 11 жылға созылған "сақалды" құрылыс қашан аяқталатыны айтылды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елордада құрылысы 11 жылға созылған "сақалды" құрылыс барын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Еділ Жаңбыршин қалада қомақты қаржы бөлінсе де жылу электр орталығының құрылысы бітпей жатқанын айтты.
"Елордада "сақалды" болған құрылыс бар. Ол – үшінші жылу электр орталығы. Оның жобалау-сметалық құжаттамасына бірнеше рет түзету енгізілді. Жоба бірнеше рет қымбаттады. Былтыр Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова осы құжаттың 40пайызға қымбаттағанын айтқан. Енді бұл құрылыс (ЖЭО-3) 2013 жылдан бері салынып жатыр. Осы жылы туған бала мүшел жасқа жақындады. Біз әлі күнге дейін маңызды әлеуметтік-өндіріс нысанын сала алмай отырмыз", - деді депутат.
Осыған байланысты Еділ Жаңбыршин энергетика министріне сауал жолдады.
"Мендегі мәлімет бойынша, республикалық бюджеттен осы жобаға 116 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл құрылыс қашан бітеді? Жобаны аяқтауға қанша қаражат қарастырып отырсыздар? Бұл бітетін құрылыс па, бітпейтін құрылыс па?", - деді ол.
Ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев жоғарыдағы деректерді растап, жобаның құрылысы қашан толық аяқталатынын жеткізді.
"Жобалық құжаттамаға сәйкес, станция құрылысының жалпы құны – 146 миллиард теңге. Оның 141 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен. Бүгінде жобаға 116 миллиард теңге бөлінді. Бұл ақшаға 4 қазандық пен бір бу трубинасының құрылысы аяқталды. Биылғы жылыту маусымына станция толық қуатта жұмыс істеді. 2026 жылы жобаның құрылысы толық аяқталады", - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы 4 облыста құрылысы 10 жылға созылған құрылыстар барын айтқан болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен