Астана велосипедшілеріне саябақ аймағында жылдамдық асырғаны үшін айыппұл салынып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің сайтындағы "Халықтық бақылау" айдарына сілтеме жасап.
"Қалалық саябақтың орталық аллеясында балаларымен бірге серуендеп жүрген қалалықтардың арасында өте жылдам жүретін велосипедшілерге шара қолдануды сұраймын. Олардың жылдам жүруінен бөлек, зор дауысты дабылдары бар, одан балалар ғана емес, ересектер де шошып қалады", - деп жазды азамат қалалық сайтқа.
Бір апта өткеннен кейін Астана ІІД Әкімшілік полиция басқармасынан жауап хаты пайда болды.
"Айтылған жерде алдын алу шарасы өтті, Есіл аудандық №13 бөліміне 5 адам жеткізілді. Барлығы ҚР ІІМ базасында бар мәліметтер бойынша тексерілді. ҚР Әкімшілік заңнамасына сәйкес, заң бұзған тұлғалар 615-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 5 АЕК (9910 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Заңбұзушылармен әңгімелесу түріндегі шара жүргізілді", - делінген әкімшілік полиция басқармасының хатында.