Астанада тұрғынды ұрып-соғып, тонап кеткен күдіктілер қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, түнде өзіне шабуыл жасалғанын айтқан. Үйдің ауласында оған бейтаныс екі жігіт келіп, біреуі жәбірленушіге қарсы көзден жас ағызатын баллон пайдаланған. Жәбірленуші бағытын басқа жаққа бұрғанда оны көлікке отырғызып, бірнеше рет соққы жасаған. Содан кейін олар телефонды иемденіп, ер адамды қорқытып, банктің мобильді қосымшасынан 149 мың теңге көлемінде ақша аударып алған.
Сонымен қатар қаскүнемдер жәбірленушіні өзін айыпты етіп көрсететін видеоны мәжбүрлі түрде түсіріп алған. Артынша видеоны таратамыз деп қорқытып, одан 200 мың теңге көлемінде тағы да ақша алмақ болған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарақшылық шабуылға қатысы бар адамдарды анықтады. Олар 22 және 30 жастағы екі қала тұрғындары болып шықты.
Сондай-ақ олардың бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта 191-бабы ("Тонау") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!