Астана тұрғыны ұшақта үш мың долларынан айырылған: күдікті дәл артында отырған болып шықты

Астана тұрғыны ұшақта ірі көлемдегі қаржысынан айырылып қалған. Көлік полицейлері шетелдік күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласы әуежайында көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы тұрғын арызданған. Ол Чунцин - Бейжің - Астана бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келгеннен кейін 3600 АҚШ доллары көлемінде ақшасы жоғалғанын байқап, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмек сұраған.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көлік полицейлері күдіктіні ізін суытпай ұстаған.

"Ол арызданушымен бір рейспен ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты. Күдікті елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша, соның ішінде ұрланған 3600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді", - деді Теміржан Рамазанов.

Ұсталған адам кінәсін мойындаған. Қазір ол қамауға алынды. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін де көлік полицейлері осыған ұқсас құқықбұзушылық жасады деген күдікпен екі шетел азаматын ұстаған еді. Қазір бұл істер соттың қарауында. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз