Астана тұрғыны танысынан кек аламын деп басы дауға қалды

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талап бойынша істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, А. 2024 жылғы тамызда OLX сайтында өзінің атынан Б. массаж қызметтерін көрсетуге арналған, жеке телефон нөмірі мен фотосуреті көрсетілген жарнаманы орналастырған.

Талап қоюшының телефонына қолданба пайдаланушылары хабарласа бастаған, ал бұл оның ашуына тиген.

Сотта жауапкер талап қоюшымен араларында кикілжің болғанын, телефон арқылы аталған жарнаманы сайтқа одан кек алу мақсатында орналастырғанын айтты. 

Істі қарау барысында судьяның ұсынысы бойынша тараптар татуласуға келіп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасты.

"Келісім талаптарына сәйкес жауапкер талап қоюшыға 250 000 теңге моральдық шығынды өтеп, соманы 5 айға бөліп, ай сайын 50 000 теңгеден төлеуге міндеттелді. Бастапқыда талап қою 1 миллион теңге өндіріп алу туралы берілген. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылып, мемлекеттік баж алымы талап қоюшыға қайтарылды", - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!