Бүгінде қыз-келіншектер арасында кірпік жабыстыру сәнге айналған. Астана тұрғыны Жанель де жарнамасы жер жарған сұлулық салонында жасанды кірпік жасатқан. Алайда ол көзінен айырылып қала жаздағанын айтады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, ол дереу дәрігерге хабарласқан.
"Үйге келіп, көзімнің қызарғанын аңғардым. Күнге көп жүре алмайтынмын, көзімнің жасы ағып, көптеген қиыншылық болды. Окулистке дер кезінде хабарластым. Көріп отырғандарыңыздай, мына жерде кератит деген ауруға шалдыққанмын", - дейді ол.
Дәрігерлер де мұндай жағдайдың жиі болатынын айтады. Себебі тәжірибесі аз маман көп. Олар көп нәрсені ескере бермейді.
"Процедураға жазылмас бұрын желімге аллергияға реакция бар-жоғын, яғни теріні желімге тексеріп көру керек. Алдын ала аллерготест өткені дұрыс", - дейді медицина ғылымдарының кандидаты Жәмила Исаханова.
Білікті, тәжірибелі кірпік ұзарту маманы да осындай пікірде. Ол қазір көп салонда аллергияға қарсы реакция тексерілмейтінін айтады. Себебі жас мамандар қолын жаттықтыру үшін қыздарға арзан қызмет ұсынады.
"Өзім клиентті екі күн бұрын аллергиясын тексеру үшін шақырамын, сынамаға. Модель сияқты шақырса клиентті, тек үйреткен мұғалімімен болу керек", - дейді кірпік ұзарту шебері Томирис Балтабаева.
Дәрігерлердің айтуынша, лицензияланбаған материалдың елімізде қолданылуына рұқсат етілген. Алайда қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуы керек.
"Материалдың ішінде өзге елдер қолданысқа шектеу қойған формальдегит канцерогені де бар. Оны шамадан артық қолдану конъюнктивит, кератит сынды ауруларға алып келеді", - дейді медицина ғылымдарының кандидаты Жәмила Исаханова.
Мамандар өз ісіне жауапты шеберлерге ғана жүгінуге кеңес береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!