- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астана тұрғыны бастығының...
Астана тұрғыны бастығының көліктерін сатып жіберіп, кейін киллер жалдап өлтірмек болған
Киллер жалдап, өзін өлтірмек болған қылмыскердің кесірінен тақырға отырған. Астанада бастығының 18 көлігін сатып жіберіп, мұны жасыру үшін оның көзін жоюға тапсырыс берген жігіт сотталса да, жәбірленушінің мүлкі өзіне қайтарылмапты. Сотталушы көліктерді заңсыз жолмен төмен бағамен таныстарына сатқан. Кейін олар да үстіне ақша қосып, көліктер өзге адамдардың қолына өтіпті. Ал өлім ауызынан қалған кәсіпкер енді сот жағалауға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сергей Литвинцев Астанада көліктерді жалға берумен айналысады. Ол былтыр қазан айында бір өлімнен аман қалған. Сенімге кірген қол астындағы қызметкер киллер жалдап, оны өлтіруге тапсырыс береді. Қылмыскер осылайша жәбірленушіге тиесілі көліктерді заңсыз сатқанын жасырмақ болған. Ол автопарктегі 31 машинаның 18-ін өз таныстарына нарықтағыдан арзан бағаға ұсыныпты.
"Өзі бұйрық шығарып, менің атымнан сенімхат жасап алған. Сосын көліктерді өз атына аударып, өзге адамдарға сатады. Біз көлікті 6-7 миллион теңгеге алсақ, ол 3-4 миллион теңгеден саудалаған. Сөйтіп менің компанияма тиесілі көліктер бірнеше адамға сатылып кеткен", - дейді Сергей Литвинцев.
Енді кәсіпкер сол мүлкін қайтара алмай әлекке түскен. Сотқа жүгінгенімен, онда көліктерді қазіргі иесіне қалдыру туралы шешім шығарылыпты. Ал кәсіпкер эконом-класc көліктерді сатып алу үшін қомақты несие алған. Тіпті үйін де кепілге қойыпты.
"Көліктердің бір бөлігін өз ақшама, қалғанын несиеге алғанмын. Ай сайын 1 миллион 400 мың теңге төлем жасап отырмын. Үйіміз де кепілде тұр. Осы жағдайдың кесірінен банкроттың алдында тұрмыз", - дейді Сергей Литвинцев.
Қылмыс былтыр қазан айында әшкереленген. Кәсіпкер өзін өлтіруді жоспарлап жатқанын естіп полицейлерге хабар берген. Сөйтіп тапсырыс беруші мен киллер қылмыс үстінде ұсталды. Олардың бірі 12 жылға, екіншісі 10 жылға сотталған. Ал заңсыз сатылған көліктердің ісі бөлек қаралыпты. Онда көліктерді сату жөніндегі бастапқы келісімдер заңсыз деп танылғанымен, кейінгі сатып алушылардың еш кінәсі жоғы дәлелденген.
"Бұл жағдайда жауапкерлер қылмыскердің арам пиғылы туралы білмеген. Олар көлікті сатып алмас бұрын әбден тексерген, құжаттарын зерттеген, мүліктің кепілде тұрмағанына көз жеткізген. Олар қазір көліктің заңды иелері. Талапкер кейінгі сатып алушылардың автокөліктерді заңсыз иемденгені туралы дәлелдер ұсынған жоқ", - деп хабарлады Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Ал өз компаниясына тиесілі көліктердің сатылуына ешқандай келісім бермеген кәсіпкер сот шешімімен мүлдем келіспейді. Оның ендігі үміті — апелляциялық сот. Кәсіпкер әділдік орнап, 18 көлік өзіме қайтарылса дейді. Оған келген жалпы шығын — 80 миллион теңге.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан