Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көрінеу жалған нөмірмен көлік айдаған тұрғынға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерден жалған нөмір таққан Lexus көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзғаны анықталды.
Сот отырысында құқықбұзушы өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сондай-ақ ол TikTok-қа видеоны жариялау үшін жалған нөмір таққан көлікті айдағанын айтты.
"Сот қаулысымен Б. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігі бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және сот іс бойынша мән-жайларды талдап, тартылған адамды тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамның тәртібі мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Б-ны 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны тағайындады", - деп хабарлады Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!