Полицияға 99 рет қоңырау шалған астаналық тұрғынға айыппұл салынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері елорданың 40 жастағы тұрғыны полицияға 99 рет қоңырау шалған. Барлық қоңырау бойынша дереу қызмет көрсетілді, алайда қоңыраулардың бір-екеуі ғана полицияның араласуы қажет оқиғаларға қатысты болған. Қоңыраудың көп бөлігі жалған болып шықты, бірақ әрбір шалынған қоңырау бойынша полицияның кешенді күштері, кейбір жағдайларда жедел тергеу топтары қызмет көрсетуге шыққан.
"Мәселен, жоғарыда аталған азаматтан полицияның 102 арнасына сағат 04.24-те Абай даңғылындағы супермаркеттің жанында белгісіз ер адам пышақпен адамдарға қауіп төндіріп жүргені туралы бірнеше қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалушы тез әрекет етуді сұраған. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шыққан. Алайда тексеру барысында дерек расталмады", - дейді полиция өкілдері.
Полиция қызметкерлері қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол мойындау көрсетпелерін берді және қоңырауларды мас күйінде шалғанын айтты. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оған қатысты қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта Астана қаласының Полиция департаменті залалды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа материал дайындап жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!