Астанада 24 тамыз күні кешке жауған жаңбырдан кейін көшелерді су басты. Тұрғындар су басқан көшелерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана тұрғындарының айтуынша, Мәңгілік Ел даңғылының Ұлы Дала көшесінен Әбіш Кекілбаев көшесіне дейінгі бөлігін жаңбырдан кейін су басқан. Осыдан кейін кептеліс пайда болған.
43-автобустың жолаушылары да әбден әбігерге түскен. Олар салонға кірген судан қашып, аяқтарымен орындықтарға шығарып алуға мәжбүр болған.
Астана әкімдігі кешкі уақытта жауын-шашынның айлық нормадан көбірек түскенін хабарлады.
"Бүгін су басқан негізгі учаскелердің бірі - Ұлы Дала даңғылы. Мұнда тазарту қондырғылары салынып жатыр, жоба әлі аяқталған жоқ. Нөсерлі кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу мәселесі қала әкімдігінің бақылауында. Бұған дейін 200-ден астам проблемалық учаскелерде су тасқыны мәселесі шешілді", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!