Астана - Щучинск тасжолында соқтығысқан көлік саны екі есе көбейді

Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан автокөліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Астана-Петропавл автожолының (18-232 шақырым) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникамен ұйымдастырылды.

Алайда алдын ала мәліметтер бойынша жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" мамандары жұмыс істеп жатыр. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын бастады. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған. Қазіргі уақытта көрсетілген жол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына қайта шектеу қойылды. Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін жол апатына түскен көлік саны 40 еді

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!