Астана - Щучинск тасжолында Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, жол бойындағы қоршауға соғылды. Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Апат 15 тамызда сағат 08:43-те "Астана" ақылы жол бекетіне жақындаған тұста болған. "ҚазАвтоЖолдың" алдын ала мәліметінше, жүргізуші рөлде қалғып кеткен. Соның салдарынан көлік басқарудан шығып, үшінші және төртінші жолақтың арасындағы жол құрылымдарына соғылған.
Көлікте жүргізушіден басқа ешкім болмаған. Ол дәрігер көмегінен бас тартты.
Соққыдан жол белгісі, бөлгіш қорғаныс буфері және бетон блок зақымданған.
Апатқа байланысты үшінші және төртінші жолақтағы қозғалыс уақытша тоқтатылды. Жол-көлік оқиғасының салдары сағат 11:34-ке дейін көлік қозғалысы қайта қалпына келтірілді.
Жүргізушілерге ұйқы қысу әрі шаршау зейінді төмендетіп, әрекет ету жылдамдығын баяулататыны ескертілді. Көзі ауырлап, қалғи бастаса немесе назары шашыраса, қауіпсіз жерге тоқтап, демалып алған дұрыс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz