Астана - Щучье тасжолындағы жаппай апат: полиция қылмыстық іс қозғады

Фото: Видео кадры

Ақмола облысындағы Астана - Щучье тасжолында болған жаппай жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"3 қаңтарда Астана - Петропавл жолында, Жаңаталап кентінің маңында жүргізушілердің арақашықтық пен жылдамдықты сақтамауы салдарынан 95 көлік соқтығысты. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі "Жол қозғалысына қатысушылардың абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" және 353-бабының 1-бөлігі "Қолданыстағы көлік ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды , - деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Тергеу аясында жол апатының барлық мән-жайы анықталады. Тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучье тасжолында ірі жол апаты болды. Салдарынан 95 көлік пен 20 адам зардап шекті. Бірнеше адам ауруханаға жеткізілді.

Әлеуметтік желілерде Астана - Щучинск тасжолында болған жаппай жол апатының басы түсірілген видео пайда болды. Кадрлар көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес
Logotype Massaget