Астана іргесіндегі ауылда әкім пакеттерді ақтарып, түбіртек арқылы қоқысты кім лақтырғанын анықтап жатыр

Астана іргесіндегі ауылда әкім пакеттерді ақтарып, түбіртек арқылы қоқысты кім лақтырғанын анықтап жатыр
Фото: ktk.kz

Астана іргесіндегі Қажымұқан ауылында жерге қоқыс тастағандар ерекше тәсілмен анықталып жатыр. Учаскелік полиция қызметкерлері пакет ішіндегі түбіртек арқылы қоқысты кім лақтырғанын біліп, әкімшілік жазаға тартып жатыр , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Бұл жұмыс ауыл әкімі Алпамыс Әбеновтің бастамасымен қолға алынған. Шенеуніктің өзі тәртіп сақшыларымен бірге жүріп, қоқыс иелерін анықтап жатыр.

Олар жерге тасталған пакеттерді ақтарып, табылған түбіртектер мен басқа да мәлімет арқылы қоқыс иесін іздейді.

Бүгінге дейін үш адам анықталып, әкімшілік айыппұл салынған. Ал жергілікті тұрғындар бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың айтуынша, кейінгі кезде бейберекет қоқыс орындарының саны азайған.

"Бүгінге дейін үш дерек анықталып, құқық бұзу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мақсат - тұрғындарды жазалау емес, мәдениетті, тазалыққа деген мәдениетті арттыру", - деді Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Әбенов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget