- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана резеңке емес"....
"Астана резеңке емес". Министр депутаттың даулы мәлімдемесіне жауап берді
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Астана мәслихатының депутаты Азамат Айтқожиннің "Астанаға келетіндердің санын азайту үшін блокбекет қою керек" деген даулы мәлімдемесіне жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство басшысының пікірінше, полиция қаладағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.
"Бізде азаматтар еркін жүріп тұрады. Менің ойымша, Астанаға (келушілерді - еск.) шектеп керек емес. Жағдайды оперативті түрде бақылауға алатын құралдар бар. Заң бұзғандарға қатысты тиісті ақпаратты ала аламыз. Оған қажет күш пен құрал да бар. Сондықтан (елорданың кіреберісіне блокбекет орнатып, келушілердің санын азайтудың - еск.) керегі жоқ. Бұрын барлық жерде блокбекет болатын. Олардың санын қысқарттық. Қазір (блокбекеттер) тек негізгі магистральдарда бар. Коронавирус пандемиясы және төтенше жағдай кезінде (блокбекеттер) қойылды. Олар әкімдіктің балансында болды. Менің ойымша, қаланы жабудың керегі жоқ", - деді Ержан Саденов.
Еске салайық, бұған дейін елорда мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин Астанаға келушілердің санын шектеу керек деп ұсыныс айтқан еді.
"Кім көрінген келеді. "Маған пәтер керек", "маған анау керек, мынау керек". Блокбекет қойыңдар, бітті! Бәрі Астанаға ағылады, Астана созыла беретін резеңке емес қой", - деді депутат.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz