Астана полициясы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу кезеңінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды.
Көшелерде және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жасақтар саны ұлғайтылды, бейнебақылау камераларын пайдалану арқылы визуалды бақылау күшейтілді.
Қалаға кіре берісте полицияның "Рубеж" стационарлық бекеттері жұмыс істейді, онда азаматтардың құжаттары мен көліктегі тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексеріледі.
Автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Делегациялардың арнайы колонналарының өту кезінде елорданың магистральдық көшелеріндегі қозғалыс уақытша шектеледі.
Сонымен қатар, азаматтардың қалаға кіруі мен шығуы бойынша қандай да бір шектеулер қарастырылмаған.
"Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шараларға түсіністік танытуға шақырады", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!