Астанада пәтерлерді жалға беремін деген сылтаумен азаматтарды алдап, ақша тауып жүрген 21 жастағы интернет-алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқ пәтерлерді қолжетімді бағада жалға беру туралы хабарландырулар орналастырған және ол хабарласушыларды тұрғын үйге деген сұраныс жоғары, қоныстанғысы келетіндер көп деп сендірген. Яғни күдікті пәтерді жақын арада басқалар жалға алуы мүмкін екенін айтып, алдын ала төлем жасауды талап еткен.
Ақшаны алғаннан кейін қаскүнем байланысқа шықпай қойған. Полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Астана қалалық полиция департаменті азаматтарға мұқият болуды ескертеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!