Астана парктерінде жексенбілік жаттығулар маусымы басталады

Астана парктерінде жексенбілік жаттығулар маусымы басталады
Фото: vk.com

27 мамыр күні Астанада әр апта сайын ұйымдастырылып отыратын жексенбілік жаттығулар маусымы ашылады.

Алғашқы жаттығулар жексенбі күні сағат 10:00-ден 12:00 дейін болады.  Астаналық саябағында CrossFit, Zumba, йога, бразилиялық джиу-джитсу және топтық жүгіру сынды спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігі туады.

Маусым айының үшінен бастап мұндай демалыс орындарына Президент, Жерұйық және Триатлон парктері қосылады.

Барлық спортпен шұғылданушылар үшін арнайы ұйымдастырылған тегін спорттық іс-шаралар Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы тарапынан қолдау тауып, елордада үшінші жыл қатарынан өткізіледі. Ағымдағы спорт маусымының ерекшелігі - жексенбілік жаттығулардың кәсіби жаттықтырушылармен бірге таңертең және кешке дейін жүргізілуінде болып отыр: сағат 10-нан 12-ге дейін, сондай-ақ, 17:00 мен 19:00 аралығы. Тағы да айта кететін бір жайт, Астаналық саябағы мен Триатлон паркінде аптасына 3 күн (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 19:30 бен 20:30 аралығында сертифицикатталған мамандар топтық жүгіру бойынша жаттығу сабақтарын жүргізеді.

 

Саябақтардағы жексенбілік жаттығулар бағдарламасына келесі спорт түрлері кіреді: CrossFit, Zumba, йога, бразилиялық джиу-джитсу мен топтық жүгіру. Кешкі бағдарлама шахмат, шашка ойындары, Street Workout, стритбол, топтық жүгіру және балаларға арналған жаттығулардан құралған .

Fitness Park Astana аталатын жексенбілік жаттығулар 27 мамырдан 9 қыркүйекке дейін әр жексенбі сайын ұйымдастырылып отырады.

Т. Раушанұлы