“Астана Опера“ труппасы Шымкентте табысты өнер көрсетті

28 қыркүйекте Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында "Астана Операның" көптен күткен гастролі өтті. Елордалық труппа қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар әлемдік опера жауһарларына толы жарқын бағдарламаны таныстырды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен гастроль елордалық театрдың Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір көштің сипатына ие болуының жарқын үлгісіне айналды.

Шымкент бұрыннан өзінің қонақжайлылығымен танымал болғандықтан, бұл кеште де осынау ізгі ілтипат анық сезілді. Құрамында әйгілі сахна шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Бағдат Әбілханов, Раушан Бескембирова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлдана Алдадосова, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов, Талғат Аллабиринов бар елордалық әртістерді көрермендер шаттана қарсы алды.

Қазақстандық композиторлардың туындыларының орындалуы бағдарламаға ерекше маңыздылық үстеді. Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсынан Шегенің термесі мен М.Төлебаевтың "Біржан – Сара" операсынан Айтыс сахнасы сынды ұмытылмас сәттер тыңдармандарға зор әсер қалдырды.

Қазақстандық композиторлардың музыкасы А.Вивальди, П.Чайковский, А.Дворжак, Дж.Пуччини сынды әлемдік классиктердің арияларымен үндесіп отырды. Шабытқа толы өнер көрсетулер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі "Астана Опера" симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен өтті. Бағдарлама соңында Е.Хасанғалиевтің "Атамекен" әнінің орындалуы әртістер мен көрермендерді отансүйгіштік сезім аясында біріктірді.

Гастрольдік бағдарламада жас тыңдармандарға да ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін "Музыка әлемі" танымдық концерті әзірленіп, әртістер оқушыларды опера дауыстары және аспаптармен таныстырды. "Астана Опера" музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесінің нәтижесінде кішкентай театр сүйер қауым опера мен классикалық музыка әлемі жайлы көбірек білуге мүмкіндік алды.

"Астана Операның" Шымкенттегі гастролі зор табыспен өтіп, нағыз мәдени оқиғаға айналды. Әртістер өздерінің келуін асыға күтетін шымкенттік көрермендердің ризашылығын арқалап жолға шықты. Музыкалық кеш еліміздің тұрғындарын асқақ өнерге баулып, шекарасын кеңейтетіні сөзсіз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!