Аңызға айналған Юрий Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің "Щелкунчик" танымал балеті "Дубай Опера" сахнасында көрермендердің жүрегін жаулады. "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бастаған труппа көпшілік ұнататын туындының алты қойылымын төрт күн бойы, яғни 19, 20, 21 және 22 желтоқсанда зор табыспен ұсынып, спектакльдерде қалың көрермен жинады. "Астана Опера" симфониялық оркестрін италиялық маэстро Джузеппе Акуавива басқарды.
Театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары солистер Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы және кордебалет әртістері осынау әсем де ыстық елде әрдайым жеткілікті бола бермейтін нағыз қысқы ғажайыптың атмосферасын жасады.
"Щелкунчик" балеті әлемнің көптеген театрларында қойылған, десек те оның төл нұсқасы мен қазақстандық труппаның жоғары орындаушылық деңгейі "Дубай Опера" басшылығының назарын аудартқанын атап өтуіміз керек.
Алты өнер көрсетудің әрқайсысы көрермендердің ду қол шапалақтары мен таңданысына ұласты. Балет труппасы жоғары шеберлік деңгейін паш етіп, қазақстандық әртістердің өнері Дубай тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды. Залда отырған қалың көрермен қойылымдардан кейін өз әсерлерімен қуана бөлісті.
"Мен "Дубай Операға" алғаш рет келіп отырмын, осыған дейін АҚШ пен Еуропаның опера театрларында болсам да, мұндай ғажайыпты еш жерде көрмеппін. Бұл - бұрын-сонды тамашалаған спектакльдерімнің ішіндегі ең үздігі. "Астана Опера" труппасының өнер көрсетуі маған зор әсер қалдырды. Барлығы 10 билет сатып алып, мұнда отбасыммен және достарыммен келдім, бүгінгі кеш соған тұрарлықтай болды. Әдемі қойылымды тамашалап, керемет уақыт өткіздік. Әсіресе залдағы халықаралық атмосфераға таңғалдым: мұнда әлемнің әр қиырынан көрермендер - америкалықтар, орыстар, арабтар, үндістер, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Жапония тұрғындары жиналыпты. Таңғаларлық дәлдікпен және сенімділікпен ойнаған музыканттарды да атап өткім келеді, олардың өнер көрсетуі жарқын әрі әсерлі болды", - деп пікірімен бөлісті АҚШ азаматы Зейдан Салей.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен және "Астана Операның" шығармашылық өміріндегі маңызды кезеңге айналған гастроль қазақстандық балет мектебінің жоғары кәсібилігін халықаралық аренада, әлемнің мәдени және экономикалық орталығы Дубайда паш етті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!