“Астана Опера“ 2024 жылды зор жетістіктермен қорытындылады

"Астана Опера" үшін 2024 жыл көрермендерге премьералар, гастрольдер мен ұмытылмас оқиғалар тарту етілген жарқын әрі мазмұнды жыл болды.

Ресейдің Үлкен театрындағы гастроль маңызды оқиғаға айналды. Онда әртістер А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операсын таныстырды. Мәскеудегі ғаламат жетістік "Астана Операның" еліміздің бас театры ретіндегі халықаралық дәрежесін нығайтты. Сыншылардың көптеген пікірлері де осыны аңғартады, мәселен, танымал музыка сыншысы Александр Матусевич "Независимая газета" беттеріндегі өз рецензиясында: "Астана Опера" жоғары орындаушылық деңгейін паш етті. Элмар Бөрібаевтың жарқын әрі сапалы оркестрі және Ержан Дәуітовтің күшті әрі әсем даусы бар айрықша қуатты хоры спектакльге берік негіз бен осында қажетті эпикалық қарқын берді. Солистер осы көріністе жарқын өнер көрсетті", - деп жазды.

Әлбетте, С.Мұхамеджановтың жүз жылдығына арналған композитордың "Айсұлу" тұңғыш комедиялық операсының премьерасы жылдың басты оқиғасы атанды. Қойылым жоғары бағаға ие болды. Өнертану докторы, профессор Үмітжан Жұмақова өз рецензиясында: "Бүгін көрермендер залында күлкі мен ду қол шапалақ тыйылмады. Көпшіліктің осы қошеметіне қарағанда, ғашықтардың шытырман оқиғалары мен қарапайым халықтың өмірі өте қызықты әрі жанға жақын дүниедей қабылданады", - деді.


Сондай-ақ биыл театр К.Бәйсейітова атындағы Камералық залда Г.Доницеттидің "Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні" комедиялық операсының премьерасын ұсынды. Кейін барокко дәуірінің ең танымал операларының бірі - А.Вивальдидің "Қаһарлы Орландо" спектаклінің премьерасы өтті.

Балеттік қойылымдар қатары да жаңа туындылармен толықты. Олардың арасында HasSak ансамблінің музыкасына "RUH" ұлттық нөмірі бар. Оның хореографы ретінде театр солисі Сұлтанбек Ғұмар тер төкті. Оның "Mangurt" секілді жұмыстары балет труппасы үшін бетке ұстар қойылымға айналды.


Бұдан бөлек, биыл театр гастрольдік қызметін белсенді жүргізді: балет труппасы Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Хачатурянның "Спартак" спектаклімен Словенияда табысты өнер көрсетті. Ал театр хоры Қарағандыда есте қаларлық концерт берсе, опера солистері Шымкент жұртшылығын тәнті етті.

Гастрольдік жылды "Дубай Опера" сахнасында П.Чайковскийдің "Щелкунчик" балетімен өнер көрсету түйіндеді. Әртістер алты спектакль бойы қалың көрермен жинады. 2024 жылы театр спектакльдер, концерттер мен шеберлік сабақтарын қосқанда 250-ден астам шара өткізді, ал "Астана Опера" шараларына 100 мыңнан астам көрермен келді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!