Астанада көп балалы отбасыға «Астана - мейірімді қала» акциясы шеңберінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Төрт баланың анасы Аяулым Еркебаева күйеуімен бірге елорданың тұрғылықты ауданында шағын пәтер жалдап тұрады. Жолдасының жалақысы баспананың ақысын төлеуге және отбасын асырауға жетпегендіктен, әйел қаладағы дәмханалардың бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істейді, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында қайырымды жандардың көрсеткен көмегі күтпеген сый болды, дейді көп балалы ана. Бұған қоса, оның тұңғышы осы күні 9 жасқа келді. Бір реттік материалдық көмек, азық-түлік, балалардың жаңажылдық мерекесіне билеттер және туған күн иесіне сыйлық осының бәрін елорданың коммуналдық шаруашылық басқармасының ұжымы табыс етті.
«Астана - мейірімді қала» акциясына қолдау білдірушілер қатары күн санап артып келеді, оның шеңберінде көптеген мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Пәтерді қарағанда отбасының қаржы жағынан қиналып отырғанын түсіндік. Сол себепті біздің ұжым өз үлесімізді қосу туралы шешім қабылдады. Әсіресе, балаларға қуаныш сыйлаған өзгеше екен. Акцияның идеясы бізді жақындастырады, игілікті істерге итермелейді», - дейді «Астана қ. Коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ персоналды басқару басшысы Гүлнара Айданбекова.
Үйдің үлкені Әли екінші сыныпта оқиды, оның жеті жасар қарындасы Айша бірінші сыныпқа барады, 4-тегі Асма мен екі жасар Әбубәкір үйде, дейді Аяулым. Енді балғындарда жаңажылдық қойылымды тамашалап, ертегі мерекесіне барып, Аяз Атамен кездесуге мүмкіндік бар.
«Өте қуаныштымын, бұл біз үшін мемлекеттік мерекенің алдындағы жаңажылдық күтпеген сыйлық болды. Бала көп болмайды. Бойымызда қуат барда, оларды өсіріп, отанға деген сүйінспеншілікке тәрбиелеуге дайынбыз. Бұдан да қиын уақыт болған, бірақ дәл осындай сәттерде мемлекеттің қолдауы, көмегі сезіледі. Барлық азаматтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!», - деді Аяулым Еркебаева көмек көрсеткен жандарға алғысын білдіре отырып.