Еліміздегі ақылы жолдарға да автокөлік жылдамдығын өлшейтін құрылғылар орнатылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтің айтуынша, бүгінге дейін республикалық маңызы бар жолдардың бойына 94 арнайы камера орнатылған. Қазіргі таңда солардың 33-і іске қосылып үлгерді.
"Жол-көлік оқиғаларының көбісі жүргізушілердің жылдамдық талаптарын сақтамауы салдарынан туып жатады. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен бірлесе жолдардың бойына жылдамдық өлшеу құрылғыларды орнату жұмыстарын қолға алдық. Қазіргі кезде Астана - Бурабай арасындағы жолда да осындай камералар іске қосылды. Осылайша, автокөлікпен тым қатты жүргендер айыппұл арқалап жатыр", - деді комитет өкілі.
Негізі аталған автобанда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Ведомство өкілінің сөзінше, кейбір жүргізушілер бұл жолда сағатына 180-200 шақырым жылдамдықпен жүреді.
"Қала ішінде "Сергек" камералары жылдамдықты өлшейтіні белгілі. Енді республикалық жолдарда да осындай жүйе іске қосылып жатыр. Бұл үлкен жолдардағы апатты жағдайды кемітіп, тәртіпті реттейді деген үміттеміз", - Амангелді Беков.
Алдағы уақытта осындай камералардың саны арта түседі. Ал еліміздегі республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдың 11 мың шақырымы ақылы болады. Осы жолдарда жылдамдық өлшейтін камералар іске қосылады. Бұл құрылғыларды 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен орнату жоспарланған.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!