Астанада 446 сайлау учаскесі ашылды. Онда барлық сайлаушыға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасалған. Ал Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысып жатыр.
"Сайлау учаскелерінде барлық санаттағы азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға дауыс беру үшін қажет жағдай жасалған. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өз бетінше келе алмайтын азаматтарға өздері тұрған жерде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған", – деп хабарлады Астана әкімдігі.
Алматыда да қала тұрғындары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне ағылып жатыр. Көпшілігі отбасымен бірге дауыс беруге келген.
Қала әкімдігінің мәліметінше, алғашқы сайлаушыларға шағын сыйлықтар әзірленіп, учаскелерде интерактив алаңдар мен тақырыптық фотозоналар ұйымдастырылған.
"Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өзгелермен тең дәрежеде дауыс беруіне жағдай жасау үшін қалада 170 инватакси мен 80 сурдоаудармашы жұмылдырылған. Сонымен қатар 41 сайлау учаскесінде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді. Бұл Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік береді", – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде электрон үкімет порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркеу деректерін тексеруге мүмкіндік беретін онлайн қызметтер қолжетімді. Сайлаушылар тізімінен өзін таппаған азаматтар тіркеу деректерін нақтылап, тиісті сайлау учаскесінің тізіміне енгізіле алады.
Сайлау күні Астана мен Алматыда қоғамдық көлікпен тегін жүруге болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!