- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астана мен Ақтөбе...
Астана мен Ақтөбе өңірі инвесторларды қабылдауға дайын
Қазір Ақтөбеде AKTOBE INVEST 2016 инвестициялық форумы өтіп жатыр. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған шараның мақсаты – өңір экономикасына инвесторлар тартып, әріптестік байланыс орнату. Форум аясында «Еуропа-Азия: шекарасыз ынтымақтастық» атты өнеркәсіп көрмесі өтуде.
Астана, Ақтөбе өңірі инвесторларды қабылдауға дайын. Ресей, Түркия, Польша, Франция, Иран елдерінен келген қонақтардың назарына бірнеше ірі жобалар ұсынылуда. Олардың көбі ауыл шаруашылығы, медицина және өнеркәсіп саласында іске асырылмақ.
Жалпы, өздеріңізге белгілі, Ақтөбе өңірінің инвестициялық әлеуеті жоғары. Бүгін инвесторлар назарына сауда-логистикалық орталығы мен аквасаябағының жобасы көрсетілді. Сонымен бірге инвесторлар табылса, Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған логистикалық кешен салу жоспарланған. Облыс орталығында мұз айдыны сарайын салуға Чехия компаниясы, ал, жедел-жәрдем стансасын тұрғызуға Түркия компаниясы келісіп отыр. Олармен арнайы келісімшарт жасалды. Бұл нысандар мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде салынады. Форум аясында әріптестік байланыс жөніндегі 15 меморандумға қол қойылды.
Форум жұмысына шетелдіктермен бірге еліміздің өзге өңірлерінен де ірі инвесторлар келді. Олар өнеркәсіп көрмесін аралап, өздерін қызықтырған жобалармен танысуда.
Форум кезінде француздық инвесторлар салатын 5 жұлдызды қонақүйдің капсуласы қаланды. Сонымен бірге таза ауызсу мен сусындар шығаратын алматылық компания Ақтөбеде зауыт құрылысын бастады. Жоба құны 16 млн доллардан асады.
Дереккөз: 24.kz
T. Кіршібаев