Астана маңындағы ауылда төрт адам қаза тапқан оқиға: сот шешім шығарды

Астана маңындағы ауылда төрт адам қаза тапқан оқиға: сот шешім шығарды
Фото: Tengrinews.kz

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған жаппай кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі қарады. Қанды қылмыс салдарынан төрт адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Сот мәліметінше, биыл наурызда айыпталушы анасының үйінде болған кезде жиенімен ұялы телефон ақауына байланысты жанжалдасып қалған.

Жиені полицияға қоңырау шалған, бірақ отбасылық жанжал шешіліп, айыпталушының анасы полицияға хабарласуға негіз жоқ екенін айтып, ұлына шара қолданбауды өтінген.

Айыпталушы қызметкерлер кеткен соң ашуға бой алдырып, ас үйдегі балтамен үй ішіндегілерге бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі қарт адам оқиға орнында көз жұмған. Қаза тапқан төртеудің үшеуі - зейнеткер.

Сараптама қорытындысы не көрсетті?

Сараптама қорытындысына сәйкес айыпталушы параноид шизофрения түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауырады. Ол қылмыс жасаған кезде созылмалы психикалық ауру жағдайында болған, сондықтан тергеу амалдарына қатыспаған, сот алдында жауап бере алмаған.

Ол 2022 жылы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емделген, қазір қарқынды бақылаудағы республикалық психиатриялық ауруханада қатаң оқшаулау жағдайында отыр.

Сот не шешті?

Осыған байланысты сот ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған қарқынды бақылау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу шарасын тағайындады.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget