Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында болған жантүршігерлік қылмысқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Санжар Әділовтің айтуынша, кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады.
"Күдікті ұсталды. Ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында да қосымша тергеу жүргізіліп, жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол күдікті бұрын сотты болғанын айтты, алайда қандай қылмыс үшін сотталғанын нақтыламады. ІІМ өкілі қаза тапқандар бірнеше адам екенін де растады.
"Қаза тапқандар кімдер екені анықталып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін мессенджерлерде бір отбасы мүшелері аяусыз өлтірілгені туралы хабарлама тарады. Кейін Ақмола облысы Полиция департаменті Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында болған жантүршігерлік қылмыс туралы ақпаратқа пікір білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!