Астана маңы қалай дамып жатыр?

Биыл қаланың елді мекендерінде мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, екі өрт сөндіру депосы ашылады, инфрақұрылымдық желілер, жолдар, аулалар салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорданың маңы қалай түрленетіні туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтып берді.

"Астанада 16 елді мекен бар. Онда халықтың төрттен бірі тұрады. Біз әрбір елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесеміз. Елді мекендердің қажеттіліктеріне және тұрғындардан келіп түсетін мәселелерге сүйене отырып, даму жоспарын әзірлейміз. Негізгі мәселе – инженерлік желілер. Мысалы, биыл елді мекендерде 13 км кәріз желісі, 27,5 км сумен жабдықтау желісі, 20 км электрмен жабдықтау, 5 км нөсер кәрізі, 2 кәріз-сорғы станциясы, 7,4 км газбен жабдықтау желісі және т.б. құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, қала әкімі биыл Теміржолшылар және Үркер елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін ашу, Көктал және Үркер елді мекенінде екі өрт сөндіру депосының, Кирпичный елді мекенінде және Интернациональный елді мекенінде мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, биыл елді мекендерде 30 көшені асфальттау, 7 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Елді мекендердің дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!