Түркияда бір жыл бұрын ұсталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге дейін экстрадицияланған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның Бас прокуратурасы халықаралық іздеуде жүрген Талғат Арданды экстрадициялау туралы өтінішті 2019 жылы жолдаған болатын. Содан бері Түркияның құзырлы органдары оны іздестірумен айналысқан.
2025 жылы мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Астана LRT"-ның экс-басшысы Талғат Ардан Анталияда ұсталғанын хабарлады.
2025 жылғы 9 мамырда Анталия соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады. Содан бері ол Түркияда қамауда отыр.
Былтыр тамызда Бас прокуратура елде сырттай сотталған Талғат Ардан әзірге Қазақстанға экстрадицияланбағанын хабарлады. Қадағалау органының мәліметінше, Талғат Ардан Түркияда ұсталғаннан кейін бір жыл өтсе де әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған.
"Қазақстанның Бас прокуратурасы (Арданды - еск.) беру туралы сауалды Түрік Республикасының Әділет министрлігіне жолдады. Бүгінде түрік тарапы бұл сауал бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы келісімде оны қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Сондықтан оны экстрадициялау туралы сауал Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады", - деп жазылған Бас прокуратураның Tengrinews.kz-ке жауабында.
Жауапқа сүйенсек, Қазақстан мен Түркия арасында 1995 жылы қол қойылған келісімде мұндай өтінішті қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Демек, ол бір жылдан кейін де, 10 жылдан кейін де қаралуы мүмкін.
Еске салайық, 2023 жылы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім жарияланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова