Астанада Мәслихат отырысында депутаттар LRT жобасының атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Халық қалаулылары ағылшын тіліндегі атаудан бас тартуға дауыс беріп, жобаға жаңа атау берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, қала тұрғындарынан бірнеше ұсыныс түскен. Олардың арасында "Сұңқар", "Лашын", "Аспан", "Тарлан" және басқалары бар.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар "Тарлан-Астана" нұсқасын қолдаған.
Депутат Бауыржан Қасымбергебаевтың айтуынша, "Тарлан-Астана" атауын ономастика комиссиясы ұсынған.
"Бірнеше ұсынысты қарастырдық. Бұл ұсыныстар қала тұрғындарынан түсті, бүгін LRT атауын "Тарлан-Астана" деп өзгерту туралы шешім қабылданды", – деді депутат.
Оның сөзінше, LRT - көліктің техникалық атауы, ал көптеген елде жеңіл рельсті көліктің тұрғындарға түсінікті әрі таныс өз атауы бар. Депуттатар Астанада да осылай жасауды ұйғарған.
Айта кетейік, Астанада LRT 16 мамырда іске қосылды. Астана LRT желісінде барлығы 18 бекет болады, олар қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова