Әкімдік өкілдері Астана күнінде елордада қандай шаралар өтетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елімізде 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Астанада 100-ге жуық түрлі іс-шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер және т.б. өтеді.
31 тамызға дейін әр сенбі мен жексенбі күндері сағат 14:00-ден бастап қалалық алаңда, орталық жағалауда (Есіл өзені), Орталық саябақта (амфитеатрға қарама-қарсы), "Жерұйық" саябағында, "Жетісу" саябағында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, шығармашылық ұжымдардың қойылымдары, флешмобтар қамтылып,"Creative summer" жазғы жобасы өтеді.
3 шілде күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Қазақстанның үздік дәстүрлі әншілері, күйшілері, жырларына арналған "Асыл мұра" мерекелік концерті өтеді. Оған өнер қайраткерлері мен еліміздің танымал шығармашылық ұжымдары қатысады. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Елшібаева, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева және басқа да әртістер бар.
5 шілдеде сағат 19:00-де Амфитеатрда "Аялаған Астана" гала-концерті өтеді, бұл жоба дамуға ықпал етеді және қазақстандық жас таланттарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік береді.
5 шілде күні сағат 15:00-де "Жастар" театрында "Байрағы биік байтағым" ақындар арасындағы республикалық мүшайра байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
5 шілдеде сағат 11:00-де Жазушылар аллеясында "KITAPHANA FEST-2024" кітап фестивалі өтеді. Кіру тегін. Фестиваль үш негізгі блоктан тұрады – кітап жәрмеңкесі, білім беру бағдарламасы және балалар мен отбасыларға арналған бағдарлама.
5-7 шілде аралығында елордада "Театральная Еуразия" I Халықаралық көше театрларының фестивалі өтеді. Іс-шараға Эстония, Польшп, Мәскеу және қазақстандық театр ұжымдары мен әртістері қатысады.
6-7 шілдеде сағат 12:00-де халықаралық көше театрлары фестиваліне қатысушылардың шеруі өтеді. Ол қала алаңынан басталып, Орталық саябақта шеруді аяқтайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!