Биыл Елорда күнін атап өту аясында Астана қаласында 100-ден астам бірегей мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылып, соңы мерекелік отшашумен аяқталды. Қала тұрғындары мен қонақтары асыға күткен отшашу қаланың бес нүктесінен әуеге атылды.
17 жылдығын атап өткен Астана төрінде биыл бірінші халықаралық жекпе-жек өнері фестивалі, лазерлі-пиротехникалық шоу, әлемдегі би өнерінің озық өкілдерінің қатысуымен өткен экстрим-шоулар, иллюзионистердің сиқыры сынды шаралар алғаш рет ұйымдастырылды. 4 шілде күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп ашып берген іс-шаралар үш күн бойы көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.
Астана күні мерекесі отшашумен аяқталды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 23:00-де басталған отшашулар 10 минутқа созылып, жиналған жұртшылықты бір қызыққа бөледі. Биылғы отшашу қаланың 5 жерінен атылды: Есіл өзенінің жағалауы, "Хан Шатыр" ОСО алаңы, Пушкин және Абылай хан көшелерінің қиылысы, Music Hall ресторанының жаны және "Арман" дүкені жанындағы "Жас батыр" стадионының аумағы.