- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астана ЖШС өкілдігінің...
Астана ЖШС өкілдігінің директоры бөтеннің мүлкін талан-таражға салғаны үшін сотталды
Астанада бөтеннің мүлкін талан-таражға салып, салғырттық танытқаны үшін ЖШС өкілдігінің директоры сотталды , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адамның қызмет бабын пайдалана отырып, өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жымқыру (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), сондай-ақ салғырттық, яғни қызметiне адал қарамауы салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық әрекеті (ҚК 371-бабының 2-бөлігі) үшін Ж.-ға қатысты үкім шықты.
Сотталушы Ж., акционерлік қоғамның құрылымдық бөлімшесіне тиесілі "А." ЖШС өкілдігінің директоры бола тұра, әрекет етуші келісімшарттарды біліп, астық қабылдау кәсіпорны мен астық иесінің арасында астықты сақтауға өз бетінше жария шарттар жасаған. Осылайша ол 2021 жылдың тамыз айында "№. база" мекемесінің директоры бола тұра, іс жүзінде астықты қаблдамай, тауар-транспорттық жүкқұжатқа "№. базасына" 3 ЖШС мен шаруа қожалықтардан 101,7 млн. теңгеге 891 415кг. бидай астығы өлшеніп, сақтауға қабылданды деп көрінеу жалған мәліметтерді енгізген.
"Сондай-ақ Ж., аталған ЖШС директорларынан жалған көрсетілген астық көлемін өткізуді талап етіп, нәтижесінде 3 ЖШС және шаруа қожалықтарының директорларынан жалпы сомасы 95 млн. теңге алған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Одан бөлек, Ж. 2021 жылдың қазан айынан бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта "№. базасының" директоры қызметін атқара отырып, "С." ЖШС-нен 58,5 млн. теңгенің 474 468кг. астықты жалған түрде сақтауға қабылдап, ол үшін 35 млн. теңге қолма-қол ақша қаражатын алған.
Әрі қарай, 2022 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейінгі кезеңде "№. базасында" элеватордың дәнді дақылдармен толық толтырылуына байланысты астықты сақтауға мүмкіндігі болмаған.
Осыған қарамастан сотталушының нұсқауымен астық үздіксіз қабылданып, нәтижесінде құны 118,7 млн. теңге тұратын 996 750кг. бидай қабылданып, жарамсыз күйге түскен.
Акционерлік қоғамның құрылымдық бөлімшесіне келтірілген залалдың мөлшері – жалпы сомасы 278,9 млн. теңге болатын 2 362 633кг. бидайды құраған.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлердің айғақтарымен, сараптамашылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс бойынша материалдармен дәлелденді.
Сотталушы кінәсін мойындады, қорғаушы тарап сотталушыға ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
"Сот үкімімен Ж. ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында, 371-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқарудан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 8 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот үкімінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан